Главная | Регистрация | Вход
argyndar.org
Меню сайта
Форма входа
Категории раздела
Ислам [2]
Статьи на тему Ислама
История [5]
Статьи по истории
Интернет-статьи [3]
Реклама от Google
Поиск
Наш опрос
Нужно ли приравнять коррупцию в Казахстане к измене Родине?
Всего ответов: 126
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Счетчик
Яндекс.Метрика
Главная » Статьи » Ислам

Қожа Ахмет Иасауи философиясы және оның түркі дүниетанымы тарихындағы орны
автор: КЕНЖЕТАЕВ ДОСАЙ ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ 
 
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Уақыт - ескі мен жаңаны таразылап, бағалайтын, ескіні шаң қаптырып жұтатын, жаңаны сынап, жер жастандырып өзінің талабын сездіретін күш. Бірақ, осы күш - саяси қысым, геноцид, аласапыран, дүрбелең, тіпті, топан су болып көрініс беріп, тегеурінін сездіріп жатса да, өзінің қадір-қасиеті мен қызметінің қажеттілігін табиғи талаппен мойындататын ұлттық болмысымыздың өзегі - құдайлық әлеммен байланыстырушы дін және оның құндылықтар жүйесі осы уақытпен бірге қатар келе жатыр. Кеше діни-рухани желі - жүйе кешегі жетпіс жылдық аз ғана уақыттың ішінде қажетсіз деп танытылды, идеологиялық қағажу көрді. Адам мен құндылық арасындағы қатынас бұзылды, тарих үзілді, мәдениет қайта түзілді. Бүгін сол құндылықтарымызды өзінің қалдырған мұрасы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізген тарихи тұлғаларымызға басқаша көзқараспен, оларға деген қатынасымызды қалпына келтіріп, тарихи сабақтастықты жалғап, төл мәдениетіміздің келбетін қайта танып, саралауға деген ұмтылыс бар. Осындай рухани мұраның басында күллі түркі әлемінің пірі Қожа Ахмет Иасауи және оның ілімі, мәдениеті мен жолы тұр. Иасауи және оның мұрасын жан-жақты зерттеу объектісі ретінде таңдаған иасауитану саласы да өткен дәуірдің тегеурінімен сол уақыт пен кеңістіктің қажет деп тапқан қырларымен танылды және танытылды. Иасауитану өзіндік болмысы мен табиғатының ақиқатын жан-жақты танырлық мүмкіндікке тәуелсіздіктен кейін жететін сияқты болып көрінді. Иасауитану негізінен зерттелу жағынан, зерттеушілерінің саны мен сапасы жағынан кенде емес. Көрсеткіш ретінде Иасауи мұрасын тану тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, дін, философия саласы тұрғысынан зерттелініп жалпы әлемде жүздеген диссертациялар жазылды. Бұл сандық, сапалық өлшем. Осы өлшемнің өзінен-ақ саннан сапаның тууы, зерттеудің дәрежесі мен көлемі анықталуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі таңда Иасауитанудың әрбір саласы арасында тұтастық пен тұжырымдалған, орталықтандырылған жүйеге түсіру қажеттілігі артып отыр. Иасауитануда ашылмай жатқан, тиісінше танылмай, танытылмай жатқан қат-қабат мәселелер жетерлік. Мысалы, Иасауидің өмір сүрген кеңістігі мен уақыты ғылыми тұрғыдан тұтас сарапталып біткен жоқ. Тарихи тұрғыдан ол дәуір туралы мәліметіміз шектеулі, өте аз. Тарихи дереккөздердің жұтаңдығы өз алдына, қолда бар деректердің өзін ғылыми айналымға айналдыратын сала маманы жеткіліксіз. Иасауи дәуірінің діни, құқықтық, саяси, экономикалық, мәдени қабаттары беймәлім. Бар деректердің өзі Иасауидің өскен ортасы мен рухани әлемінен бізді толығымен хабардар ете алмайды. Сондықтан да Иасауи өмір сүрген кеңістіктегі исламның жағдайы, сопылық таным мен тариқаттардың саны мен сапасы, ілімі мен білімі арасындағы қатынастың мәні анықталмай отыр. Иасауи туралы жазылған дереккөздердің дені аңыз-әпсаналармен көмкерілген. Рас, әрбір аңыздың ақиқаты бар. Бұл жеткіліксіз. Иасауидің туған және қайтыс болған жылы туралы толық мәлімет жоқ. Иасауидің 1166 жылы қайтыс болғандығын жазбаша дереккөзі Кашанидің &Рашахат-ул айн-ил хайат} атты еңбегінен ғана кездестіреміз. Иасауи тариқатының негізгі жалғастырушылары Зәңгі ата, Мансұр ата, Бақырғани, Зарнуқи, Хазини (Қайғы), Камал Шайх, Құл Машраб туралы деректер де қат. Иасауиді тұтастай кескіндейтін мәліметтер мен зерттеулерсіз оңды ғылыми тұжырымдалған танымдық, тағылымдық еңбек жасау мүмкін емес. Бұған қоса, бүгін иасауитану саласында ғылыми танымдық сараптама жұмыстары кешеуілдеп жатқанда оның орнын саяси спекулятивтік баспа қалып таңбалармен БАҚ беттерінде сопылық таным туралы болымсыз, толымсыз алып-қашпа сараптаулар көбейді. Шындығында сопылық танымның ислам философиясындағы орны мен рөлі қандай? Сопылық танымның анықтамасы, табиғаты мен мәні қандай? Сопылықтың Ислам діні мен өркениет тарихындағы орны қаншалықты? Түркілік сопылықтың басқа сопылық мектептерден ерекшелігі мен айырмашылығы неде? Иасауи ілімі мен ойлау жүйесінің болмысы қандай? Иасауи мұрасының жалпы түркі халықтары тарихындағы олардың ойлау жүйесіндегі орны мен маңызы қандай? Бүгін Иасауи іліміндегі философиялық көзқарастары танымдық, этикалық, моральдық, эстетикалық, діни-теологиялық тұрғыдан сарапталуы қай деңгейде? Қоғамымыздағы осындай сұрақтар мен мәселелерді ғылыми негізде жауаптандыру - уақыт талабы. Мәселе өте ауқымды, сондықтан зерттеу жұмысымызға тақырыптық тұрғыдан шектеу қойып &Қожа Ахмет Иасауи философиясы және оның түркі дүниетанымы тарихындағы орнын} қарастырғалы отырмыз.

 Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ғасырлар бойы Иасауи мәдениеті өзіндік сипатпен тарихымыздың әрбір белесінің қажеттілігі мен сұранысына қарай тұжырымдалып, түсіндіріліп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Кеңестік идеология Ахмет Иасауи сияқты тұлғалардың аты түгіл, оның атымен байланысты тариқатын да зерттеуге құлықты болмады. Кеңестік жүйе кезінде кейбір жалпылама этнографиялық зерттеулер болғанымен бұл дүниелер сол идеологияға қызмет ететін аналитикалық тар шеңберден әріге аса алмады. Кеңестік кезеңде А. Фитраттан[1] К. Тәжіковаға[2] дейінгі уақыт ішінде Иасауи дүниетанымы сол дәуірдің идеологиясы шеңберінде қарастырыды.

Иасауи туралы ғылыми негіздегі алғашқы зерттеу түрік ғалымы Ф. Көпрүлү  тарапынан жасалды [3, 146-147 бб.]. М.Ф.Көпрүлүнің "Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар" атты еңбегі өз дәуірінде теңдесі жоқ зерттеу болғаны анық. Дегенмен бүгін бұл еңбектің методологиялық тұрғыдан ескіргендігін былай қойғанда, қолданған дереккөздері тұрғысынан да ескірді. Қазіргі уақытта ғылымға деген көзқарас та өзгерді. Жалпы бүгінге дейін Иасауиді жан-жақты зерттеулер жүргізу ісі О. Түрер [4, 00 б.], З.В. Тоған [5, 523-529 бб.], А. Ожак [6, 264 б.], М. Қара [7, 518-519 бб.;], К. Ераслан [8] сияқты түрік ғалымдарының еншісінде болып келді.

Түркілік мәдениет пен діл табиғатын игеру барысында Батыстық ғалымдар Т. Зарконье [9], А. Бодроглигетти [10], А.-М. Шиммел, А.Беннигсон [11], Дж.С. Тримингэм[12], А. Мец[13], Д. Де-Уис [14; 205;] және т.б. тарапынан Иасауи іліміне деген қызығушылық айрықша болды. Осылардың ішінде Девин Деуистің тұжырымдары арнайы тоқталуды қажет етеді: ол "Иасауийа тек түркі әлемінің ғана құндылығы деген түсініктен бас тарту керек; Иасауи ХІІІ ғ. басында қайтыс болған; Иасауи ілімі мен практикасы ортодоксалды исламға жат; "Диуани хикмет" Иасауидікі емес; Иасауийа мен Анадолы шайхтары арасында байланыс жоқ, сол сияқты Иасауийа мен Нақшбандийа арасында да байланыс жоқ деп есептейді[15, 215-216 бб.]. Девиннің өз пікіріне өзі қайшы келетін тұстары көп-ақ.

Қожа Ахмет Иасауиді Өзбекстандық ғалымдар да үздіксіз зерттеп келе жатыр. Тарихшы Б.Бабажанов Иасауи тарихының негізгі зікір формасы - жахрий және ритуалдық би - сама ракс туралы жазылған деректер негізінде құнды ой тұжырымдама жасаған[16]. Ибрахим Хаққұл Иасауидің түркі мұсылмандық түсінігінің негізін салғандығын сопылық-философиялық қырынан ашып көрсетеді [17, 64 б.]. М.Хашимов Иасауи жолының жайылу картасын жасаған [18, 28 б.]. Надирхан Хасан да Иасауитану саласында өте маңызды дереккөз Ахмад Махмуд Хазинидің "Манба-ул абхар фи риязи-ил абрар" атты еңбекгін ғылыми айналымға енгізді [19].

А.Н.Самойлович Иасауидің ақындығын, Е.Э.Бертельс[20] оның сопылық әдебиеттегі орнын, В.В.Бартольд[21], И.Гольдциер[22], С.Малов[23] және т.б. орыс ориеталистері Иасауи мұрасы мен мәдениетін, А.И.Пылов [24] әдебиеттегі орнын зерттеуге ат салысты. А.К.Боровков [25], Э.Наджип [26] сияқты түркологтар "Диуани хикмет" мәтінінің тілінің мәнін зерттеді. [27, 7 б.]. Отандық ғалымдардан "Иасауитану және тіл мәселесі" бойынша зерттеулер Ә.Қайдаров [28], Р.Сыздықова [29] К.Х.Абдрахманованы [30; 273] сияқты тілші ғалымдарымыз арқылы өз жалғасын табуда.

Отандық абайтанушы-ғалым М. Мырзахметұлы [31, 6-7 бб.], Х.Ж.Сүйіншәлиев, [32, 116 б.],. Ә.Қоңыратбаевтың [33], Н.Келімбетов [34], Р.Бердібаев [35], А.Қыраубаева [36], Ә.Дербісәлиев [37], М.Шафиғов [38], С.Дәуітов [38], А.Ахметбекова [39] сияқты әдебиетшілер иасауитануға үлес қоып келеді.

Иасауитану және тарих мәселесі өзекті тақырып. Бұл тақырып туралы зерттеулердің қатары біршама молайып келеді. Н.Нұртазинаның да Иасауи мұрасының тарихи, танымдық мәнін төл категориялық ұғымдарын сақтай отырып, бүгінгі күн талабы тұрғысынан үйлестіру жолындағы ұсыныстары өзіндік құндылығымен ерекшеленеді [40, 6-7 бб.]. Арабтанушы-тарихшы ғалым Ә.Муминовтің Иасауийа тариқатының қалыптасуына байланысты құнды еңбектері бар [41, 20-30 бб.] Атақты түрік тарихшысы З.В.Тоған Иасауи ілімінің манихеизм мен шафиилік негізінде қалыптасқандығын, сонымен қатар Қожа Ахмет Иасауидің Қарахан әулетінен шыққандығын айтады [5, 523-529 бб.].     

  З.Жандарбек Иасауийа мен нақшбандийа ағымдары арасындағы айырмашылықты өмір салты мен рухани бөлек орталардан келгендігіне негіздеп, екі тариқат арасындағы қайшылықтың негізгі көзі ретінде көрсетеді [42, 34 б.]. Бұл ойды кезінде В.В.Бартольд та айтқан болатын. Оның ойынша нақшбандийа ағымы қалалықтардың, Иасауийа далалық көшпелілердің ағымы. Осылайша ол, қала мен дала, көшпелі мен отырықшы мәдениет арасында диалектикалық күресті көрсеткісі келген болатын. Бұдан тарихқа таптық көзқараспен "тарихилық (историзм)" принциппен қараудың күні өтсе үні өшпей отырғанын көруге болады. Жалпы, З.Жандарбектің &Иасауи ағымы қызылбас - шийа ағымынан[43, 144-164 б.],  &Нақшбанди өзбектердікі, ал иасауийа қазақтардыкі} деген тұжырымы ешқандай ғылыми қалыпқа сай емес. Иасауи тариқаты қайсани, мубайиди сияқты саяси ағымдардан кейін XII ғасырда жалпы сопылықтың тариқаттар дәуірінде дүниеге келген.

Тәуелсіздіктен кейін Қазақстандық иасауитану саласы философиялық зерттеулер арқылы даму көрсетті. Бұл тұрғыда алғаш болып Ә. Н. Нысанбаев, Ғ. Есім, А. Абуов, Қ. Бегалинова, Қ. Әлжан, С. Нұрмұратов, І. Ерғалиев, А. Мейірманов және т.б. Иасауи іліміне өзіндік қырынан жаңаша баға берді [44, 177б.].

Қазақ философиясының бастауы ретінде Фараби мен Ибн Сина, Иасауи ілімдерін көрсеткен және сол бағытта зерттеу жұмыстарын ұйымдастырған философ Ә.Нысанбаев болды. Ол Қазақстанда ислам философиясының қалыптасуына және дамуына түрік суфизмінің ұлы өкілі Қожа Ахмет Иасауидің рухани қызметі үлкен әсер етіп, өшпес із қалдырғандығын көрсете отырып, [45, 85 б.] Әбу Насыр Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иасауиге түрік және әлемдік өркениет тағдырындағы ұлы тарихи тұлғалар ретінде баға берді.

С.Нұрмұратов пен А.Мейірманов Иасауи ілімін моральдық-аксиологиялық және танымдық тұрғыдан қоғамдық өмір талаптарына сай қолдану аясын философиялық тұрғыдан қарастырды. С. Нұрмұратов таным мәселесінде Иасауи мәдениетінің негізгі құралы жүрек пен иман қуатын нақты көрсеткен: "...ақыл - көбінесе күмәнданумен болады, ол  "адамға тиімді-тиімсіз, пайдалы-пайдасыз" деген бағалау жүйесін ұсынады. Ақыл сенуді білмейді. Ақыл салыстырады, сараптайды, өлшейді, сыртқы құрылысын анықтайды, бірақ мәнге жете алмайды. Сондықтан сопылық дәстүр бойынша өмірде адамды қателестірмейтін негізгі күш жүректен шыққан сенім" [46, 96 б.]. Осындай ішкі таным мәселесін Қ.Әлжан да көтерген [47, 27-54 бб.].

 Бүгінге дейін философия тарихы мамандығы бойынша қорғалған докторлық диссертациялардың қолданған методологиялық-ұстанымдық сипаттары кешегі европацентристік, маркстік-диалектикалық ойлау қалыбының ықпалында болды. Ислам мен сопылықты қарама-қайшы құтып ретінде алғаш танытқан К.Тәжікова болатын. Қ. Бегалинованың еңбегі жалпы сопылықты адамның Алланы тану, ал шын мәнінде өзінің ішкі әлемін зерттеу, сенім және адам мүмкіндігінің ақиқатын негіздейтін, Аллаға бет алған рухани жол ретінде танытуы қуантарлық жетістік [48, 7-39 бб.]. Сондай-ақ, сопылықтың онтологиялық, гносеологиялық негіздерін философиялық тұрғыдан оң тұжырымдайды. "Діни танымда Алланы оның уахи және оған деген сенім арқылы таныса, философиялық танымда Алланы логикалық заңдармен, рационалды Құран және танымдық әдістемелік процестермен таниды. Ал сопылықта Алланы танудың әрі діни әрі философиялық таным табиғаты бар" - дейді [48, 91 б.]. Дегенмен Қ. Бегалинованың да, қолданған әдебиеттері мен сүйенген авторларының жасаған тұжырымдары ықпалында кетіп, сопылықты "бұрынғы сарынмен" тұжырымдайтын тұстары да жоқ емес. Иасауиді сопылықтың ең ірі теоретигі әрі еретикалық ағымның өкілі ретінде көрсетеді [48, 147 б.].

А.Әбуовтың Иасауи көзқарасы туралы қорғаған диссертациясы алғашқы философиялық еңбек болуымен құнды. А.Әбуовтың ойынша хикметтерде ортағасырлық пантеистік философияның қырлары мен негіздері бар [49, 62 б.]. Иасауи Алла мен әлемнің бірлігін уағыздайтын пантеистік идеяларды насихаттаған [49, 80 б.] болып шығады. Иасауи хикметтеріндегі Алланың дидарына деген махаббатты еретикалық деп қабылдап, бұл құбылыстың араб-парсы әдебиеттерінде кезікпейтіндігін айтып, мұны түркілік сопылыққа тән түсінік деп тұжырымдайды [49, 65 б.]. Адам мәнінің Жаратушысына оралуын неоплатондық эманация теориясының көрінісі деп біледі [49, 81 б.]. Осы тұжырымдарға зерттеу жұмысымыздың барысында тиісті бөлімдерде жауап берілетін болады.

Кейінгі кезде Иасауитану саласында философиялық зерттеулер саны жас ғалымдар тарапынан толысып келеді. Ө. Малдыбеков пен Қ. Қаратышқанова кандидаттық диссертацияларын жемісті қорғап шықты.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қожа Ахмет Иасауидің көзқарасы туралы философиялық жүйелі тұжырымдалған ғылыми сарапталған деректер негізінде оның түркі философиясы тарихындағы орны мен маңызын көрсету. Осы мақсатқа жетуде зерттеудің міндеттерін негізгі арналарға жүйелеп төмендегіше көрсетуге болады: Ислам философиясы тарихындағы сопылық танымның орнын анықтау; Сопылық философияның негізгі принциптері мен идеясының мәнін ашу, түсіндіру; Иасауи философиясының қалыптасуындағы сопылық мәдениеттің орнын көрсету; Иасауи философиясындағы сопылық танымның теориялық негізі - тауил әдісінің мәнін ашу; Иасауи даналығының мәнін философиялық тұрғыдан көрсету; Хәл ілімінің болмысы мен негізгі тұжырымдарын Құрандық аяттар арқылы көрсету; Иасауидің гносеологиялық-танымдық жүйесін түсіндіру; Иасауи көзқарасындағы негізгі тақырыптардың мәнін ашу; Иасауи жолы, ілімі мен мәдениетінің түркі философиясындағы орнын көрсету; Иасауи мәдениетінің бүгінгі жағдайына ғылыми-философиялық талдау жасау.

Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негіздері. Зерттеу жұмысында сопылық философиялық еңбектер &Диуани Хикмет}, &Мират-ул Қулуб}, &Фақр-нама}, Имам Хұсамеддин Хүсайн бин Али Сығнақидың "Рисала-и Хұсамеддин-и Сығнақи" атты еңбегі мен Сұлтан Ахмет бин Махмут Хазини ал-Хисаридің "Жауахир-ул Абрар мин Амуаж-ил Бихар" және &Рийадул абхар} атты еңбегі, Кашифидің &Рашахат-ул айн-ул Хауат}, Алиабади &Ламахат мин нафахат-ил Кудс} атты еңбегі, Худайдадтың &Бустан -ул Мухиббин}, &Иршаду-л Муридин}, Фарабидің &Китабу мабади араи ахли-л мадинатил фадила}, &Китабу тахсил-ис саадати}, Ибн Синаның &Ишарат}, &Китабу-н нафс}, Матуридидің &Китабу-т таухид}, Халлаж әл-Мансұрдың &Тауасин}, Қушайридің &Рисала фи-т тасаууф}, Сарраждың &ал-Лума}, Калабазидің &Таарруф} және т.б. дереккөздер негіз ретінде алынды. Иасауи көзқарасының ұғымдық, танымдық әлеміне ену және сопылық-философияның мәніне жетуде герменевтика, яғни эмпатиялық түсіндіру формасы қолданылды. Герменевтика ұстанымы тұрғысынан сопылықтағы тауил әдісіне жақын. Талдау (анализ), салыстыру (компаративистік) әдістері түсіндіру, тәпсірлеу болса, ал нағыз герменевтика - Иасауи әдісі - тауилдік танымдық әдісі. Иасауи мәдениетінің түркі - ислам философиясы тарихындағы орнын көрсету үшін онтологиялық, гносеологиялық және психологиялық тұтастықтағы танымдық негіздерді көрсетуде салыстыру әдісіне сүйендік. Калам, философия және сопылық ұғымдарының ерекшелігін анықтау және қолдану барысында ислам сопылық тарихындағы ең маңызды деп танылған тасаууф және ислам философиясы сөздіктерін қолдандық.
 
Примечание: статью полностью можно прочитать по нижеследующей ссылке.


Источник: http://iphp.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=58&Itemid=65
Категория: Ислам | Добавил: argyn (22.07.2008) | Автор: КЕНЖЕТАЕВ ДОСАЙ ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
Просмотров: 4633 | Рейтинг: 3.5/8 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]